РЕЦЕНЗИЯЛАУ ҮДЕРІСІ

Техникалық рәсімдеуге сәйкестігі және антиплагиат тексерісінен сәтті өткен соң барлық ғылыми мақалалар тексеріс қорытындысымен бірге рецензенттерге жіберіледі. Мақалалар міндетті екі жақты рецензиялаудан өтеді (мақала авторларының есімдері рецензенттерге белгісіз, сонымен қатар рецензенттердің есімдері мақала авторларына белгісіз).

Жауапты хатшы авторлар туралы мәліметтерді көрсетпей, мақаланы журнал сайтының онлайн жүйесі арқылы тәуелсіз рецензенттерге тиісті тақырыптары бойынша немесе зерттеу тақырыбына жақын салалар бойынша ғалым-мамандарға жібереді. Редакциялық алқаның мүшелері немесе журналдың сайтында рецензенттер базасында тіркелген, сырттан тартылған мамандар рецензенттер бола алады. Әрбір жеке жағдайға байланысты рецензиялау мерзімін редакция анықтайды.

Рецензиялардың сапасы мен мақала қолжазбаларына рецензиялаудың уақытылы жүргізілуі үшін жауапкершілік жауапты редакторға жүктеледі.

Рецензенттерге арналған нұсқаулық

Рецензиялау құпия түрде жүргізіледі. Рецензенттер өздеріне жіберілген қолжазбалар авторлардың зияткерлік меншігі болып табылатынын және жариялауға жатпайтын мәліметтерге жататынын білуге міндетті. Мақала қолжазбасында баяндалған мәліметтердің дұрыс еместігі немесе бұрмалануы туралы рецензент мәлімдемесі жағдайында ғана құпиялылықты бұзуға болады. Әрбір рецензент қолжазба материалдарында мәліметтерді түсіну мен интерпретациялауда туындайтын ашық мүдделер қайшылығын байқаса рецензиялаудан бас тартуға құқылы.

Рецензенттер мақалаларды белгіленген талап бойынша бірқатар нысандер негізінде бағалайды, оның ішінде: мақала атауын нақты тұжырымдау, тақырыптың өзектілігі, журнал үшін тақырыптың маңыздылығы, тақырыпқа мамандар мен қалың оқырманның қызығушылығы; мақала мазмұнының журналдың бағыты мен ғылыми талаптарына сәйкестігі; мақаланың сипаты (іргелі, пәнаралық, қолданбалы, шолу, рефераттық); мәселені қоюдың және оны шешудің ғылыми жаңалығы; деректердің, қорытындылардың, ұсыныстардың тиімділігі; беделді дереккөздерге, ғылыми әдебиеттерге сүйену; эмпирикалық зерттеулердің нәтижелерін (соның ішінде автордың өзі орындаған) пайдалану; мақаланы рәсімдеу, аннотация мен кілт сөздерді, әдебиеттер тізімін дайындау бойынша журналдың талаптарын есепке алу. Рецензенттің ескертулері мен тілектері қолжазбаның ғылыми деңгейін арттыруға бағытталған объективті болуы тиіс. Рецензияның қорытынды бөлімінде мақала туралы дәйектелген тұжырымдар жасалып, жұмысты жариялауға не жарияламау жөнінде нақты, дәлелді ұсыныс қамтылуы тиіс.

Егер рецензияда мақаланы түзету және пысықтау бойынша ескертпелер қамтылса, редакция авторға рецензент аты-жөнін көрсетпей қайта жібереді. Автор рецензенттің көрсеткен ескертпелерін басшылыққа ала отырып жұмысын қайтадан өңдейді. Ал егер келіспесе (толық немесе жартылай) фактілер келтіре отырып жоққа шығара алады. Автор пысықтаған (қайта өңделген) мақала сыни ескертулер жасаған сол рецензентке рецензиялауға қайта жіберіледі.

Рецензент жариялауға ұсынбаған мақала қайта қарауға қабылданбайды. Оң рецензияның болуы мақаланы жариялау үшін жеткілікті негіз болып табылмайды. Жарияланымның журналда басылуы туралы түпкілікті шешімді редакция қабылдайды.

Жариялауға жіберілмейтін жұмыстар:

  •  талаптарға сәйкес рәсімделмеген және автор бұл кемшіліктерді жөндеуден бас тартқан мақалалар;
  •  рецензенттің орынды ескертулерін басшылыққа алмайтын немесе оларды дәлелді түрде жоққа шығармайтын мақалалар.

Рецензиялардың түпнұсқалары журналдың редакциясында бір жыл бойы сақталады.

Мақаланың редакцияға келіп түскен уақыты оны жариялау кезегін анықтау бьарысында ескеріледі.

Мақаланы қараудың орташа мерзімі –1 ай.

«Отан тарихы» журналының рецензиялау тәртібі редакциялық алқа отырысында толықтырылып, қайта бекітілді (08.01.2021 ж. №1 хаттама).